Мемлекеттік Елтаңба

Елтаңба-мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. “Елтаңба “термині” erbe ” (мұра) неміс сөзінен шыққан және мұралық ерекшелік белгісі – символдық мән берілетін фигуралар мен заттардың үйлесімін білдіреді.

Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы “таңба”деп аталған ерекше символ – тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Бұл термин алғаш рет түркі қағанатында қолданыла бастады.

Егемен Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары-белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы-дөңгелек нысанды, ол-Ұлы дала көшпенділері арасында ерекше құрметке ие болған өмір мен мәңгіліктің символы.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы-дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде-бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде “Қазақстан”деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай – ақ “Қазақстан” деген жазу-алтын түстес.

Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың мемлекеттік елтаңбасында шаңырақ бейнесі-бұл елде тұратын барлық халықтар үшін ортақ үй мен Біртұтас Отанның символы. Қазақстанның тұрақты дамуы әрбір азаматтың әл-ауқатына байланысты, шаңырақтың беріктігі мен тұрақтылығы оның барлық уықтарының (тіректерінің) сенімділігіне байланысты.

Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып табылады. Жылқы бейнесі ежелден батылдық, адалдық және күш сияқты ұғымдарды бейнелейді. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар таза ойлар мен дәйекті жетілдіруге және шығармашылық дамуға деген ұмтылысты куәландырады. Сонымен қатар, арғымақтардың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

Өткен ғасырларда мүйіздер көшпенділердің діни жораларында, сондай-ақ олардың жауынгерлік баннерлерінің шыңында белсенді қолданылды. Әр түрлі жануарлардың мүйіздері түріндегі аспан рақымының, жер құнарлылығының және әскери сәттіліктің бейнелері әр түрлі халықтардың символдық композицияларында әрқашан маңызды орын алды. Осылайша, молшылық мүйізі бар қанатты жылқы терең семантикалық және тарихи тамыры бар маңызды типологиялық образ болып табылады.

Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері қолданып келеді және адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық асқақ және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын бейнелейді. Мемлекеттік елтаңбадағы жұлдыздың бейнесі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік үшін ашық ел құру ниетін көрсетеді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық.

Мемлекеттік елтаңбада қолданылатын негізгі түс-алтынның түсі, ол байлықтың, әділеттіліктің және жомарттықтың символы болып табылады. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.